Әлеуметтік жауапкершілік

Құран аудармаларының тарихы

Ислам дінін уағыздаушылар қатары жердің әр түкпірінде толысып, жүздеген мың мұсұлмандардың Қасиетті Жазбасының сауатты және түпнұсқа маңызына нақ сәйкес келетін аудармалар сұранысы артып келеді.

Құран мағынасын орыс тіліне аудару тарихы Ұлы Петр патшаның ықпалымен жасалған алғашқы орыс аудармасынан басталды. Бірақ, ол Дю Риенің төмен сапалы француз аудармасынан жасалғандықтан, түпнұсқа мағынасына сай келмейтін туынды болып шықты. Ресей аудармаларының жаңа сатысы XIX ғасырдың 70-жылдары Д.Н.Богуславский мен Г.С.Саблуковтың араб тілінен жасаған аудармаларымен жалғасты. Бұл аудармалармен қатар қазіргі кезде И.Ю.Крачковский, Т.А.Шумовский, В.Порохова, Н.О.Османов, Б.Я.Шидфар және т.б. аударма еңбектері кең қолданыста. Бұл еңбектердің бәрінің Құран кітабы насихатында қосқан үлестері өте зор, алайда әрқайсысының стилистикалық ерекшеліктері және өзіндік жетістіктері мен олқылықтары да бар. Мысалы, академик Крачковский аяттардың тура мағынасын беріп, әр сөз мәні мен исламдық терминдеріне аса көңіл бөлсе, Порохова олардың поэтикалық жоғары сарынды, оқырманның ішкі дүниесін тітіркендіретін сөз әсеріне сүйенген. Шумовскийдің аудармасы автордың ақындық қырын анық көрсетіп, аяттардың мағыналық сәйкестігіне теріс әсерін берді. Жалпы бұл еңбекті «аударма» деуге де қиын. Шығыстанушы Османов пен Шидфар алдындағы әріптестерінің тәжірибесін мол пайдаланып, мазмұн тереңдігін елеусіз қалдыру салдарынан, Қасиетті Кітаптың ішкі рухани мәніне қайшы келетін өрескел қателіктер жіберді.